Малагасийлер

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Малагасийлер
мальгаштар
Бүкіл халықтың саны

20 млн.

Ең көп таралған аймақтар

 Мадагаскар

Тілдері

малагаси тілі

Діні

дәстүрлі діни наным-сенімдер

Малагасийлер, (өз атаулары мальгаши ни, малагаси; французша мальгаш) — Мадагаскар аралының негізгі тұрғындары. Жалпы саны 20 млн.(2009 ж.) Сондай-ақ Реюньонда, Сейшель, Комор аралдарында, Францияда тұрады.[1] Негізгі этнографиялық топтары: мерина, сиханака, цимихети, бецилеу, бара, бецимисирака, антаймуру, антайсака, антануси, антакдруи, махафали, сакалава, везу, анталаутра, макуа.

Этногенезі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Малагасийлер этногенезінің қалыптасуы әлі толыққанды зерттелмеген. Негізінен Индонезиялық тайпалар, Шығыс Африкадан шыққан топтар, 8 — 10 ғасырларда келген арабтар, 17 ғасырдан кейін келген еуропалықтар араласып субэтникалық топқа айналған. Тұрған жерлеріне байланысты оңтүстік азиялық, экваторлық, оңтүстік еуропалық нәсілдер араласып кеткен.[2]

Малагасийлер малагаси тілінің диалектілерінде сөйлейді.[3] Әдеби тілі 20 ғасырдың басында мерина диалектісі негізінде қалыптасқан.

Малагасийлердің жартысына жуығы дәстүрлі діни наным-сенімдерді ұстанады, 10%-ы — мұсылман-сүнниттер, қалғандары — христиандар (протестанттар мен католиктер )[4]

Мадагаскарда өте ұзақ уақыт бұрын пайда болған және аралдың географиялық жағдайларының әртүрлілігіне байланысты аймақтық еңбек бөлінісі сақталған. Шығыс жағалауындағы ылғалды тропиктік аймақтың халқы егіншілікпен және балық аулаумен айналысады. Мал шаруашылығы олардың қосалқы саласы болып табылады. Негізгі дақыл – күріш, ол табиғи сулы топыраққа егіледі. Орталық үстірттерде күріш жасанды суаруды қажет етеді, сондықтан мұнда бүкіл аумақ каналдар желісімен және күрделі суару құрылыстарымен жабылған. Күріш тау беткейлерінде, сондай-ақ өзен аңғарларында отырғызылады. Мадагаскардағы егіншіліктің бүкіл жүйесі Оңтүстік-Шығыс Азияның егін шаруашылығына өте жақын. Батыс жағалауындағы қуаң жазықтарда шаруашылықтың негізгі саласы мал шаруашылығы, егіншіліктің үлесі аз. Теңіз деңгейінен биік, климаты қоңыржай орталық қыраттардың халқы мал шаруашылығымен де, егіншілікпен де айналысады. Мал бағумен (жайылым, сауын, т.б.) ерлер мен жасөспірімдер айналысады. Ал мұндағы малдың саны шаруаның байлығын анықтайды.

Малагасийлер зебу – бір өркешті ұсақ бұқалар мен сиырлар, сонымен қатар ұсақ мал (қой, ешкі, шошқа) және құстың барлық түрлерін өсіреді.Олар күріштен басқа бұршақ дақылдарын, біраз жүгері (аралдың оңтүстігінде), тәтті картоп, картоп, әртүрлі көкөністер егеді, сондай-ақ бау-бақша өсіреді. Жібек шаруашылығы 20 ғасырда ғана кең таралып, ертерек орманда піллә жиналды. Қарасора техникалық қажеттіліктер үшін отырғызылады, сонымен қатар оның кептірілген жапырақтары темекі шегу үшін қолданылады. Темекі әдетте тартылмайды, шайналады.

Балық аулау және теңіз жануарларын аулау жағалау тұрғындарының өмірінде, әсіресе батыста маңызды орын алады. Ол үшін Океания мен Индонезияның теңіз қайықтарына ұқсайтын теңдестіргіштері бар үлкен қайықтар қолданылады. Сондай-ақ балық өзендерде, көлдерде, батпақтарда, тіпті ұзақ уақыт бойы өзендердің суы басқан күріш алқаптарынан ауланады. Әйелдер мен балалар тізеге дейін суда кезіп, сирек тоқылған арнайы үлкен себеттермен балықты сүзеді.[5]

Өмір салты

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Әлеуметтік ұйымның негізгі формасы - ауылдық қауымдастық (фукун'улуна). Рулық қатынастардың қалдықтары, үлкен отбасылар сақталған. Туыстық есеп патрилиндік болып табылады.

Малагасийлер үйлері, көбіне, бір қабатты келіп, саз кірпіштен қаланады, төбесі күріш сабағымен жабылады. Тұрғын үйлері төртбұрышты (Оңтүстік-Шығыс Азияның тұрғын үйлеріне ұқсас), үстірттерде балшық немесе саманнан жасалған, төбесі күріш сабанымен жабылған, бір бөлмелі, терезесі мен есігі батысқа қаратылған үйлер. Шығыс жағалауында төбесі реванала жапырақтарынан жасалған қадаларға тұрғызылған ағаш үйлер, оңтүстігінде - тростниктен жасалған шағын үйшіктер жиі кездеседі.

Дәстүрлі ерлер киімінің ерекше түрі — белден төмен байланатын салака, әйелдер қысқа юбка — сикини, денені айналдыра жабатын ламба (мерекелік киім) киеді.

Негізгі тағамдары күріш, құс еті және балық.

Бай фольклор сақталған: аңыз-әңгімелер, ертегілер, мақал-мәтелдер, мәтелдер, сайыстар, әндер (полифониялық, ауызды жауып ән айту), дәстүрлі музыкалық аспаптар – бамбуктан жасалған ішекті аспап (валиха), конус тәрізді хазулахи барабаны. Әтеш ұрысы кеңінен таралған, ойындардан дойбы (фануруна) тән.[6]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Большая российская энциклопедия 2004–2017 https://old.bigenc.ru/ethnology/text/2168097
  2. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VI том
  3. Значение слова МАЛАГАСИЙЦЫ в Большой советской энциклопедии, БСЭ https://slovar.cc/enc/bse/2014878.html
  4. Малагасийцы https://slovaronline.com/browse/4cf4bbf0-7f97-3914-b9fd-df4bfea44e5b/%D0%BC%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D0%B3%D0%B0%D1%81%D0%B8%D0%B9%D1%86%D1%8(қолжетпейтін сілтеме)
  5. Мадагаскар Общество, культура и быт https://lemur.su/index.php?id=73
  6. народы мира / Малагасийцы http://www.etnolog.ru/people.php?id=MALG