Карст

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Беткейлік карст

Карст, карстық құбылыстар[1] (нем. Karst)— суда еритін және су өткізгіш тау жыныстарынан — ізбестастардан, доломиттерден, гипстен, тау тұзынан құрылған жерлерге тән рельефтің өзгеше формалары мен гидрологиялық режимі. Осындай жерлерде ағын және жер асты суларының тау жыныстарын ерітуінің салдарынан жер бетінде орлар, шұңқырлар, үлкен дөңгелек қазан шұңқырлар, ал жер астында үлкен бос кеңістіктер, үңгірлер пайда болады. Мұндай жерлерде өзендер жер жарығына, шұңқырға құйылып, жер астында, сонан кейін қайта жер бетіне шығып ағады. Жұмсақ және борпылдақ жыныстарға су әсер ететін болса, шөлдік климат жағдайларында суға ерігіш жыныстарда (сазды мергельде) «жалған карст» немесе саздық карст пайда болады. Бұл жағдайда рельеф өте қатты бедерлі болып келеді. Карстық құбылыстар Қырымда, Кавказда, Орта Азияда, Оралда, Сибирьдің кейбір аудандары мен европалық бөліктегі Горький, Тула, Архангельск, Калинин облыстарында кең тараған. [2] [3]

Карст дамуы үшін: тегіс және шамалы еңіс бет; Карст жаралатын таужыныстардың қалындығы біршама, жер асты суларының деңгейі төмендеу болу керек. Карст қуыстары терендік жағдайы бойынша терең және саяз түрлерге бөлінеді. Қопсық жабынының дамуы бойынша: ашық (Жерорта теңізі, Қырым) және жабық (Орал) Карсттар болады; 2) біршама тез еритін таужыныстардан (гипс, әктас, доломит, тас тұз) тұратын өңірлерде пайда болатын бедер пішіндерінің өзіндік кешені. Карст көбінесе теріс бедер пішіндерін калыптастырады. Жаралуы бойынша еру арқылы (Карст) және еру мен механикалық шайылу арқылы (Карст және суффозия) пайда болған түрлерге бөлінеді. Морфологиясы бойынша бөлінетін пішіндер:

а) жер бетілік Карст — карр, понор, қазаншұңқыр, полье; құрғақ, соқыр және қап тәрізді аңғарлар;
б) жерастылық Карсттік каналдар, үңгірлер, көлбеу каналдар-галереялар. Жерастылық пішіндер жер бетіне дейін дамуы мүмкін. Жерастылық пішіндер карст базисі деңгейінен төменгі бөліктерде жаралады.

Карст қазаншұңқырлары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Біршама байтақ ойпаң, карст шұңқырларының бірігуінен жаралады, олармен салыстырғанда төмен және грунт сулары деңгейіне жақын орналасуымен, бірнеше поноры болуымен сипатталады. Карст қазаншұңқырлары айналадағы аумақты сорғытады, кейде воклюздер байқалады.

Карст қуыстары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ерігіш таужыныстарда (әкті, доломит, тұз, кейде мергель мен бор) жер асты суларының еріткіш әсерінен туындайды. Өлшемдері әр түрлі: ірі үңгірлерден майда каверналарға дейін.

Карст шұңқыры

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Әр түрлі пішінді тұйық ойпаң; таужыныстардың жасына, типіне және жатысына байланысты саңылау, құдық және табақ пішіндес болады. Қопсық жабын түзілімдерінде ерімей, механикалык жолмен (суффозия) пайда болған карст шұңқыры карст-суффозиялық шұңқыр деп аталады.

Карстық-қаттық су

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Артезиан алаптарында қаттар түрінде жататын карбонатты, галогенді-карбонатты және басқа да карстанушы таужыныстардың карстық қуыстарында жиналған жер асты суы.

Карстық бастау-бұлақ

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Карстық бастау-бұлақ — карстық сулардың жер бетіне шығуы. Табиғи жағдайда ол көбінесе түрлі құрамды жер асты суларының еріткіш әсеріне бейім келетін карбонатты тау жыныстарда кездеседі. Басқа жарықшақты тау жыныстармен байланысты бұлақтарға қарағанда, карстық бастау бұлақтың су өтімі молырақ болады.

Карстық жер асты сулары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
A.
"Карстық жер асты сулары"

Карстық жер асты сулары — суда оңай еритін тау жыныстардың жарықшақтарында, қуыс-үңгірлерінде қар, жаңбыр, өзен және көл суларының сіңуінен пайда болған жер асты сулары. Олардың химиялық құрамы су сыйыстырушы тау жыныстардың минералдық құрамына сәйкес келеді. Әктас, доломиттерде қалыптасқан карстық жер асты сулары көбінесе тұщы болады, минералдылығы 1г/дм3-ден аспайды. Егер карстық жер асты сулары тұзды шөгінділермен байланысты болса, олардың минералдылығы 50—100 г/дм3- ден 300—350 г/дм3-ге жетеді, кейбір жерлерде одан да асады. Карстық жер асты сулары көбінесе таулы аудандарда, қыраттарда кездеседі, жылға, бұлақ болып ағып жатады. Су сыйыстырушы тау жыныстардың ерігіштігінің нәтижесінде, оқпалық сулардың жүру жолдары, әдетте, кеңіп отырады. Осыған байланысты кейбір аймақтарда ұзындығы 50—250 км, ені жүздеген метр қуыстар пайда болып, олардан ірілі-уақты өзендер басталып ағады. Карстық жер асты сулары әр түрлі шаруашылык қажеттіктерге кеңінен пайдаланылады, сонымен катар, олар кен қазылып алынатын орындарда шахталарға құйылып, зиян келтіруі де мүмкін. Карстық жер асты сулары Қазақстанда Жезқазған маңында, Қаратауда, Талас, Жоңғар таулы аймақтарында таралған.[4]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: География және геодезия. — Алматы: «Мектеп» баспасы, 2007 жыл. — 264 бет. ISBN 9965-36-367-6
  2. “Қазақ Энциклопедиясы”
  3. Русско-казахский толковый географический словарь. Под общей редакцией академика АН КазССР, проф. С. К. Кенесбаева и кандидата филол. наук А. А. Абдрахманова. Алма-Ата, Изд-во «Наука», 1966, стр. 204. (Академия наук Казахской ССР. Институт языкознания. Сектор физической географии). Составители: Ж. Аубакиров, С. Абдрахманов, К. Базарбаев.
  4. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі. Су шарушылығы. – Алматы, «Мектеп» баспасы, 2002 жыл.