Ауғанстан
Ауғанстан (пушт.: افغانستان , дари: افغانستان), толық ресми атауы Ауғанстан Ислам Әмірлігі (пушт.: د افغانستان اسلامي امارت , дари: امارت اسلامی افغانستان) — теңізге тікелей шыға алмайтын, Орта Шығыстағы мемлекет. Әлемдегі ең кедей елдердің бірі. 1978 жылдан бастап елде азамат соғысы жүріп жатыр.
Батысында Иранмен, оңтүстік-шығысында Пәкістанмен, солтүстігінде Түрікменстанмен, Өзбекстанмен және Тәжікстанмен, шығысында Қытаймен, оңтүстігінде Үндістанмен (дұрысында Үндістан, Қытай және Пәкістан таласатын Джамму және Кашмир аумағымен) шектеседі.
Ауғанстан Батыс пен Шығыс түйісетін жерде орналасқан. Ежелгі сауда мен көші-қон орталығы болып табылады. Оның геосаяси жағдайы — бір жағынан Оңтүстік және Орталық Азияда, екінші жағынан Таяу Шығыста орналасуы, сол аймақта орналасқан елдердің арасындағы саяси және мәдени қатынастарында маңызды рөл атқарады.
Этимология
[өңдеу | қайнарын өңдеу]«Ауғанстан» атауы қазақ тілінде «ауғандар елі» деген мағына береді.
Атаудың пайда болуы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Атаудың бірінші буыны — «ауған», «ауғани» — түркі сөзінен құралған, яғни ауып кеткен, жасырынған деген мағынаны береді. Бірақ ауғандар өздерін олай атамайды, олардың өз аты «пуштундар». Атаудың соңғы буыны — «-стан» деген жұрнақ парсы тілінде «орын, ел» деген мағына береді.
«Ауғандар» деген термин халық атауы ретінде, исламдық кезеңнен бастап қолданылады. Кейбір ғалымдардың пікірінше «ауған» деген сөз алғаш рет тарихта 982 жылы пайда болған; сол кезде ауған деп, Инд өзені бойындағы таулардың батысында өмір сүрген тайпаларды айтқан.[7]
1333 жылы Кабулда болған Марокколық саяхатшы Ибн Баттута былай айтқан:
«Біз, бұрын ірі қала болған, Кабулға саяхат жасадық. Қазіргі кезде онда өздерін ауғандармыз деп атайтын, парсы тайпалары өмір сүреді».— Nancy Hatch Dupree - The Story of Kabul (Mongols)
«Ираника энциклопедиясында»:[8]
«Этнологиялық көзқараспен айтқанда, «ауғандық» термині — пуштундардың парсы тіліндегі атауы. Бұл термин Ауғанстаннан шығып басқа жақтарға да кең таралған, өйткені қазіргі кезде пуштун тайпалық одағы саны жағынан да, саяси жағынан да бұл елде ең маңызды болып саналады».
Сонымен қатар, түсініктемесінде:
«Avagānā» деген атаумен бұл этникалық топ, алғаш рет б.з.б VI ғ. Varāha Mihira деген үнділік астрономның «Brihat-samhita» еңбегінде аталған.
Бұл ақпаратты пуштундық әдебиет те қолдайды, мысалы XVII ғ. Хушаль-хан Хаттак[9], өз еңбегінде пуштунша былай жазған:
«Арабтар бұны біледі, және римдіктер де біледі: ауғандар дегеніміз ол — пуштундар, ал пуштундар — ауғандар!»
«Ауғанстан» терминін XVI ғасырда Бабыр император да қолданған: ол кезде бұл атаумен пуштундар өмір сүрген Кабулдың оңтүстік жерлері аталған.[10]
1808 жылы Ауғанстанда британдық дипломатиялық миссияны басқарған, сэр Монстюарт Элфинстон, өзінің «Account of the Kingdom of Cabul and its Dependencies in Persia and India» деген кітабында, ауғандар өздерін Иосифтің үшінші ұлы Ауғаннан бастау алатын, еврейлік рудың ұрпағымыз деп санайды, деп жазған. Бірақ, сол кезде Эльфинстон бұл теорияның расталмағандығын жазған.
XIX ғасырға дейін атау пуштундардың дәстүрлі жерлерін атау үшін ғана қолданылған. Өйткені ол кездерде ел «Кабул корольдігі»[11] деген атаумен танымал болған. Елдің басқа жерлерінде әр кезеңде әртүрлі тәуелсіз елдер болған, мысалы XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында өмір сүрген «Балх корольдігін» айтуға болады.[12]
Ақыры, ел кеңейіп, билік орталықтандырылғанда, ауғандық басшылар корольдікке «Ауғанстан» деген атауды қабылдады. «Ауғанстан» деген есім корольдіктің атауы ретінде қолданылғандығын 1857 жылы Фридрих Энгельс[13] айтқан. Ол атау ел Ұлыбританиядан толықтай тәуелсіздік алғанда және оны әлемдік қауымдастық мойындағанда ресми түрде қолданыла бастады. Және ол атау Ауғанстанның 1923 жылғы Конституциясымен бекітілді.[14]
Географиясы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Жер бедері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Ауғанстан территориясы Иран таулы қыратының солтүстік-шығысында орналасқан. Елдің көп бөлігін таулар мен олардың арасындағы алқаптар алып жатыр.[15]
Елдің солтүстігінде Бактрия жазығы орналасқан, оның ішінде Қарақұмның жалғасы болып табылатын құмды-сазды шөл жатыр. Оның оңтүстігі мен шығысын таулы жүйелер көмкеріп жатыр: Сафедкох (=Ақ таулар) және Сиахкок (=қара таулар) деген жоталардан тұратын — Паропамиз және Гиндукуш таулары.
Оңтүстігінде Орта-ауғандық таулар мен Газни-Қандағар қыраты орналасқан. Батысында, Иранмен шекаралас, Наомид (=үмітсіздік шөлі) үстірті мен Систан ойпаты жатыр. Елдің қиыр оңтүстігін Гауди-Зира ойпаты, Дешті Марго (=өлім шөлі) сазды-тасты шөлі, Гармсер және Регистан құмды шөлдері алып жатыр.
Гиндукуштың батысында биіктігі 3000-4000 м Хазараджат таулы қыраты бар. Пәкістанмен шекаралас аумағында елдің ең биік нүктесі — Ношак тауы орналасқан (биіктігі 7492 м).
-
Таулы пейзаж
-
Ауғанстан ландшафты
-
Елдің солтүстік-батысы
-
Елдің шығысы
Климаты
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Ауғанстанның климаты континентті субтропикті, қысы суық, жазы ыстық және құрғақ. Орташа температурасы мен жауын-шашын мөлшері өзгеріп отырады: қыста +8-ден -20 °C-ге дейін және одан да төмен, жазда +32-ден 0 °C-ге дейін жетеді. Жылына шөлді аймақта жауын-шашын мөлшері 40-50 мм, қыраттарда — 200-250 мм, Гиндукуштың жел жақ беткейінде — 400-600 мм, оңтүстік-шығысында Үнді мұхитынан келетін муссонның әсерінен 800 мм-ге дейін жетеді. Жауын-шашынның максимумы қыс пен көктем мезгілдерінде түседі. 3,000-5,000 м биіктіктерде қар жамылғысы 6-8 ай жатады, одан жоғары — мұздықтар.
Геологиялық құрылымы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Тұран платформасының оңтүстік аймағына жататын, Бактрия жазығын қоспағанда, Ауғанстанның территориясы негізінен Алпі-Гималай қозғалмалы белдеуінде орналасқан.
Өзендері мен су қоймалары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Индке құятын, Кабулдан басқа, өзендердің барлығы ағынсыз. Олардың ішіндегі ең ірілері — елдің солтүстік шекарасымен ағатын Әмудария, жер суаруға алынатын Герируд, және Систан ойпатына Фарахруд, Хашруд, Харутруд өзендерімен бірге құятын Гильменд, олар тұщы сулы Хамун көлін құрайды. Өзендер негізінен қар суымен және мұздықтар суымен қоректенеді. Жазытықтардағы өзендердің суы көктемде молайып, жазда тартылып қалады. Таулы өзендердің гидроэнергопотенциалды қасиеті бар. Көп аудандарда жер асты сулары сумен жабдықтау мен суару көзі болып табылады.
Пайдалы қазбалары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Ауғанстанның жер асты қойнауы пайдалы қазбаларға бай, бірақ шеткері таулы аймақтарда орналасқандықтан оларды өндіру өте қиын.
Тас көмір мен бағалы металлдар кені, берилл, күкірт, тұз, мәрмәр, лазурит, барит, целестин кендері бар. Мұнай, табиғи газ, гипс кен ошағы кездеседі. Мыс, темір, марганец ен орындары зерттелген.
Кабулдың жанындағы Айнак мыс кені, Еуразиядағы ең ірі кен ошағы болып саналады (кен қоры 240 млн т., құрамы 2,3% (2006 ж. бағалау)). Және Кабулдың маңында Хаджигек темір кен орны бар (кен қоры 428 млн т., құрамы 62-68%), ол оңтүстіказиялық аймақтағы ең ірісі.[16]
Тарихы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Ауғанстан — тарихы тереңде жатқан мемлекет. Ең алғашқы адамдар Ауғанстанның территориясында, шамамен 5000 жыл бұрын пайда болды, және бұл аймақтағы ауылдық қауым әлемдегі ең алғашқылардың бірі.[17][18]
Зороастризм Ауғанстанның территориясында б.з.б. 1800-800 ж.ж. пайда болған, ал Заратустра Балхта өмір сүрген.[19][20] Бұл аймақта, зороастризмнің гүлденген шағында, ежелгі шығыс иран тілдерінде сөйлеген (мысалы, авеста тілі). Б.з.б. VI ғ. ортасында, Ахеменидтер Ауғанстанды Парсы патшалығының құрамына кіргізді.
Ахеменидтер империясы б.з.д. 330 жылы Ескендір Зұлқарнайынның соққысынан құлап, Ауғанстан Ескендірдің империясының құрамына енді. Ескендір Зұлқарнайынның империясы ыдырағаннан кейін Ауғанстан Селевкидтер мемлекетінің бөлігі болды. Олар б.з.д. 305 ж. дейін елді биледі, Буддизм аймақтағы басты дінге айналды.
Кейін аймақ Грек-бактрия патшалығының бөлігі болды. Сақтар үнді-гректерді б.з.б. II ғ. Ауғанстаннан қуып шықты. Грек-бактрия патшалығы б.з.д. 125 ж. дейін өмір сүрді.
I ғ. Парфия империясы Ауғанстанды жаулап алды. Б.з. II ғ. орта-аяғында Кушан империясының орталығы қазіргі Ауғанстанда орналасқан, олар будда мәдениетінің қомқоршысы болды. III ғ. Кушандарды Сасанидтер әскері талқандады.[21] Бірақ, өздерін кушандармыз деп атайтын (белгілі болғандай Сасанидтер) басшылар елдің бір бөлшегін басқауын жалғастыра берді.[22] Ақырында кушандарды ғұндар толықтай талқандап, V ғ. бірінші жартысында бұл аймақта эфталиттер өз мемлекетін құрды.[23] Эфталиттерді сасан патшасы Хұсрау I және 557 жылы Түркі қағанатының әскерлері талқандады. Алайда, эфталиттер мен кушандардың ұрпақтары Кабулистанда кішігірім мемлекетін құра алды, оны соңында мұсылмандық басшылар Саффаридтер жаулап, кейін ел Саманидтер және Газневидтер мемлекеттерінің құрамына кірді.
Исламдық және моңғолдық кезең
[өңдеу | қайнарын өңдеу]VII ғ. Ауғанстанның батыс бөлігін арабтар жаулап алып, өз мәдениеті мен жаңа дін — исламды әкелді. Бірақ ислам біржола тек X ғасырда, аймақ Саманидтер империясының құрамына енгенде ғана, орнықты.][24]
X ғасырда елге Орта Азиядан түркілер келді. Ауғанстан аумағында және Иранның, Орта Азияның, Үндістанның бір бөлігінде Газневид империясы (астанасы — Газни қ.) пайда болды. Ғылым мен мәдениеттің гүлденуі басталды.[24]
XII ғасырда жергілікті ауғандық Гуридтер династиясы күшейіп, өз билігіне Ауғанстан мен көршілес территорияларды біріктірді. XIII ғ. басында Гуридтерді Хорезмдер жаулап алды.
XIII ғасырда аумаққа Шыңғысхан басып кірді.[24] Ауғанстан Моңғол империясының құрамына кіріп, оның орнына моңғолдарға бағынатын Курттар әулетінің мемлекеті өмір сүрді. Ауғанстан екі моңғол ұлыстарының шекарасында орналасты — Хулагу мемлекеті мен Шағатай ұлысы. XIV ғасырдың екінші жартысында Ауғанстан Әмір Темірдің империясының құрамына кірді. Ал оның өлімінен соң, бұл жерді Тимуридтер басқарды. Олардың арасында ең танымалы Ұлы Моғолдар империясын құрған, Кабул билеушісі Бабыр.
XVI-XVII ғасырларда Ауғанстан территориясы үшін Сефевидтік Иран мен Үндістандық Ұлы Моғолдар империясы тартысты.
Хотаки әулеті
[өңдеу | қайнарын өңдеу]XVIII ғасырда Ауғанстан Парсы империясы, ирандық Сефевидтер әулетінің құрамына кірді. Персияның әлсіреуінен кейін және бірнеше көтерілістерден кейін ауғандықтар тәуелсіз патшалықтар құрды, олар — Қандағар және Герат. Қандағар патшалығы Мир Уәйс негізін қалаған, пуштундық Хотаки әулетінің қол астында болды. 1722 жылы ауған әскерлері Персияға қарсы жорық жасап, оның астанасы Исфаханды жаулап алды, бірақ кейін Нәдір-шахтан жеңіліп қалды.
Содан кейін Нәдір-шах өз билігін Ауғанстанға жүргізді. Бірақ оның билігі онда тұрақсыз болып, 1747 жылы Сефевидтер империясы құлады.
Дуррани мемлекеті
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Дуррани империясын 1747 жылы Қандағарда әскери командир Ахмад-шах Дуррани құрды. Ол алғашқы біртұтас ауған мемлекеті болды. Алайда оның мұрагерлерінің кезінде, империя бірнеше жеке патшалықтарға ыдырап кетті. Олар: Пешавар, Кабул, Қандағар және Герат патшалықтары.
Қазіргі тарихы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Ағылшын-ауған соғысы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Еуразия материгіндегі стратегиялық орнына байланысты, Ауғанстан сол кездегі ірі державалар Британ және Ресей империясының соғыс алаңына айналады. Бұл шайқас «Үлкен ойын» деген атау алған. Ауғанстанды жауламақшы болып, Британ ипериясы бірнеше рет соғыс ісін жүргізген. Бірақ 1919 жылы 9 тамызда Ауғанстанның тәуелсіздігін мойындаға мәжбүр болды.
Ауғанстан патшалығы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]РКФСР Ауғанстанды ең алғаш мойындап, 1919 жылдан бастап Ресей Федерациясымен дипломатилық қарым-қатынас орнатуда.
Алғашқы республика және Дәуіт диктатурасы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]1973 жылы 17 шілдеде Ауғанстанда мемлекеттік төңкеріс болды. Монархия құлап, елде республика жарияланды. Бұл тарихи кезең саяси тұрақсыздықпен сипатталады. Президент Мұхаммед Дәуіт реформа жасап, елді модернизацияламақшы болды, бірақ ақыр аяғында оны істей алмады.
Сәуір революциясы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Елде 1978 жылы сәуірде революция басталды. Приезидент Мұхаммед Дәуіт отбасымен бірге өлтіріліп, билікке коммунистік «Ауғанстанның халық-демократиялық партиясы» (АХДП) келді.
Ауғанстан Демократиялық Республикасы. Азамат соғысының басталуы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]1978 жылы сәуірде, Сәуір революциясынан кейін, Ауғанстан Демократиялық Республикасы жарияланды. Елбасы болып Нұр Мұхаммед Тараки, ал Революциялық кеңестің төрағасы болып Хафизулла Әмин сайланды. Басшылық радикалды реформа жасауды қолға алды, әсіресе секуляризация бойынша. Бірақ, ол дәстүрлі ауған қоғамының наразылығына ұшырады. Елде Азамат соғысы басталды. Сөйтіп басқарушы партия АХДП екі фракцияға бөлінді — Хальк және Парчам, олардың өзі билікке талас жүргізді. Нұр Мұхаммед Тараки өлтіріліп, ел басшысы болып Хафизулла Әмин сайланды. КСРО-да Әминді сенімсіз адам, ол кез келген уақытта Батысқа бет бұрып кетуі мүмкін деп санады.
Сондықтан кеңестік билік Әминді тақтан тайдыртып, көтерілісшілерді басу үшін коммунистік басшылыққа көмек көрсету мақсатымен елге әскерін енгізуге шешім қабылдады. Қорытындысында, КСРО әлі күнге дейін жалғасып жатқан азаматтық соғысқа араласты. АҚШ-тың ресми мәлімдемесі бойынша: КСРО Ауғанстанға басып кіріп, оны жауап алды деп айыптады. Президенттік сарайда кеңестік спецназбен ұрыс жүрап жатқанда Әмин қайтыс болып, Революциялық кеңестің төрағасы орнына Бабрак Кармаль келді.
Кеңестік әскерлерге қарсы ауғандық мұджахедтер соғысты. Кейіннен оларға АҚШ, Қытай және т.б. елдер қаржылай жәрдем, қару-жарақ, оның ішінде көбінесе «Стингер» ракеталы кешенімен көмек көрсетті. Қарсыластық аяқталмаған соң, аяғында КСРО өз әскерін Ауғанстаннан алып шықты.
1986 жылы 4 мамырда АХДП ОК-нің шешімі бойынша Б. Кармаль «денсаулығына байланысты» жұмысынан босады. Оның орнынан кетуі, КСРО-да билікке Горбачевтің келуіне тікелей байланысты. 1 қазанда Ауғанстан Демократиялық Республикасының Рефолюциялық кеңесінің жаңа төрағасы болып Мұхаммед Наджибулла сайланды. Бір айдан соң, 30 қарашада, Сәуір революциясы кезінде алынып тасталған президент статусы жаңа Лойя джирга конституциясы бойынша, қайта қалпына келтіріліп, Мұхаммед Наджибулла президент болды. Кеңестік әскерлер 1989 жылы елден шығарылыд. Кеңес Одағының әскері кеткен соң (1989), Наджибулла төрт жыл бойы билікте болды.
Талибтердің билікке келуі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]1989 жылы елден кеңес әскері кеткен соң, азамат соғысы аяқталған жоқ, керісінше жаңа күшпен жалғасты. Елдің солтүстігінде далалық командирлер тобы Солтүстік алянс ұйымын құрды. 1992 жылы көтерілісшілер Кабулге басып кіріп, Ауғанстан Демократиялық Республикасы өмір сүруін тоқтатты. Ахмад Шах Масуд пен Гүлбеддин Хекматияр билікке таласып жатқанда екі жақты артиллерия Кабулды оқтын астына алды. Сөйтіп, ауғандық мәдени және тарихи ескерткіштерінің көбі қиратылды.[25] Сол кезде оңтүстікте «Талибан» қозғалысы өріс алып жатты. Негізінен талибтердің көбі ұлты бойынша пуштундар болды, сондықтан олар өздерін пуштун халқының мүддесін қорғаушылармыз деп жариялады. Олардың мақсаты Ауғанстанда радикалды ислам мемлекетін құру еді.
1996 жылы талибтер елдің көп бөлігін бақылауында ұстады. Қыркүйекте Кабул жауланған соң, Мұхаммед Наджибулла өлтірілді, ал Солтүстік альянс елдің солтүстігіндегі шекаралық аймақтарына ығысты. Талибтердің билігі басқа діндегілерге қысым жасаумен (атап айтқанда, әлемдік қауымдастықтың, соның ішінде мұсылмандық елдердің қарсылығына қарамастан, талибтер Бамиан Буддаларын «кәпірлердің пұттары» деп, жарып жіберді) және қатігездікпен (мысалы, ұрылардың қолын кесті, әйелдер мен қыздарға мектепке баруға және қасында ер адам болмаса далаға да шығуға тыйым салынды және т.б.) ерекшеленді[26].
1980 жылдардың[27] аяғынан бастап, Ауғанстанда есірткі өндіру белең алды. 1999 жылы талибтердің билігі кезінде, апиын өнімі рекордық дәрежеге жетіп, 4600 тоннаны құрады[28]. В 2000 году из-за сильной засухи было собрано 3275 тонны опиумного мака[29]. 2000 жылы қатты құрғақшылық кезінде 3275 тонна көкнәр тұқымы жиналды. Сол жылы әлемдік қауымдастықтың қысымы бойынша[30], талибтер өз бақылауындағы аумақтарына көкнәр өсіруге тыйым салды. Қорытындысында 2001 жылы Ауғанстанда рекордтық төмен өнім жиналды: Солтүстік альянстың бақылауындағы Бадахшан провинциясында барлығы 185 тонна апиын жиналды.[31]
Халықаралық террорист Усама бен Ладен 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі теракттан кейін, талибтік Ауғанстанда баспана тапты. Ол Ауғанстанға АҚШ әскерінің басып кіруіне себеп болды. Бірақ кейбір журналисттер: АҚШ әскерінің басып кіруінің себебі, АҚШ шарты бойынша салынатын Трансауған құбырына (ТАПИ, Түркіменстан — Ауғанстан — Пәкістан — Үндістан) талибтердің қарсы болуы. АҚШ 11 қыркүйектегі оқиғалардан жарты жыл бұрын, Ауғанстанға күшпен ену жоспарын құрып қойған, — деген пікір айтқан.[32]
2001 жылдан бері жалғасып жатқан Ауғанстан соғысы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]«Мызғымас бостандық» операциясы кезінде, 2002 жылдың басында талибтер режимі құлады. Бірақ «Талибан» қозғалысы толықтай жойылған жоқ. Негізгі күштері Вазиристан таулы аудандарына кетті, ал қалғандары Ауғанстан мен Пәкістан территорияларында партизандық соғыс жүргізуде.
Ауғанстан Республикасы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Талибтер режимі құлаған соң, қазіргі Ауғанстан Республикасы жарияланды. 2001 жылы желтоқсанда ауған саяси қайраткерлерінің Бонн конференциясында Хамид Карзай Ауғанстанның өтпелі әкімшілігінің басшылығына қойылды. 2002 жылы шілдеде Лойя джирга (Ауғанстанның барлық халықтарының, тайпаларының және топтарының басшылары кіретін Жоғарғы кеңес) оны елдің уақытша президенті қылды. 2004 жылы жаңа Конституция қабылданып, бірінші президенттік сайлау өткенде, Хамид Карзай жеңіске жетті.
2009 жылдың 20 тамызында елде кезекті президенттік сайлау өтіп, тағы жеңіске Хамид Карзай жетті.[33]
Бұған қарамастан, елде бұрынғыдай азаматтық соғыс жалғасуда, бірақ енді Ауғанстандағы халықаралық көмек көрсету күшінің (ISAF) қатысуымен бірге болып жатыр.
2019 жылдың қаңтарында әйелдер үшін әлемдегі ең қауіпті елдердің рейтингісін жариялаған Thomson Reuters Foundation мәліметі бойынша, Ауғанстан денсаулық сақтау, экономикалық ресурстарға қол жеткізу, қалыпты өмір, жыныстық зорлық-зомбылық, адам саудасы тұрғысынан әйелдерге қауіптілігі жоғары мемлекеттер тізімінде екінші орында тұр.
Талибанның оралуы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]2021 жылдың 1 мамырынан бастап американдық әскерлердің елден біржола шығарылатыны туралы хабарлануына байланысты «Талибан» лаңкестік ұйымының содырлары Ауғанстан үкіметтік күштеріне қарсы белсенді шабуыл операциясын бастады. Ауғанстан үкіметі ел аумағына бақылауды тез жоғалта бастады. Тамыздың басында ауған тәліптері 417 аймақтық орталықтың 200-ін басып алды және тамыздың ортасына қарай Ауғанстан территориясының көп бөлігін, оның ішінде провинциялық орталықтардың 2/3 бөлігін басып алды.
2021 жылы 15 тамызда «Талибан» Ауғанстан аумағын толық басып алғанын жариялады. Ауғанстан президенті Ашраф Ғани отставкаға кетуге келісіп, елден қашып кетті. 2021 жылы 17 тамызда елде қалған Ауғанстан вице-президенті Амрулла Салех өзін мемлекет басшысының міндетін атқарушы деп жариялады және ел тұрғындарын «Талибанға» қарсы тұруға шақырды. Ахмад Шаһ Масұттың баласы, Солтүстік Альянстың бұрынғы жетекшісі кіші Ахмад Масуд тәліптерге қарсы тұруды ұйымдастыру үшін солтүстік Панджшер провинциясында үкіметтік күштердің қалдықтарын жинай бастады.
Әкімшілік бөлінісі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Ауғанстан унитарлы мемлекет және әкімшілік жағынан 34 уәлаятқа бөлінген, олар өз кезегінде аудандарға бөлінген.
Мемлекеттік рәміздері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Туы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қазіргі ту 2004 жылы қабылданған. Байрақ тігінен орналасқан үш түстен (қара, қызыл және жасыл) құралған. Дәл ортасында, яғни қызыл түстің ортасында Ауғанстанның мемлекеттік эмблемасы бейнеленген. Қара түс тарихи өткенді - британдық отарлаушылармен күресті көрсетеді, қызыл түс - бостандық үшін төгілген қан, жасыл түс - исламның дәстүрлі түсі. Жалау пропорциясы - 7:10.
Елтаңбасы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Ауғанстанның елтаңбасы мемлекеттің құрылуынан бастап, өмір сүріп келеді. Гербте масақпен көмкерілген мінберлі мешіт орналасқан. Мешітке Ауғанстанның екі туы тақап қойылған. Жоғарғы жағында күннің сәулесімен жарқыраған ислам сенімінің белгісі - Шаһада бейнеленген, оның астында тәкбір («Аллаһ ұлық» жазуы) орналасқан. Мешіт астында - 1298 жыл деген дата жазылған, яғни ислам күнтізбесі бойынша 1919 жыл, елдің тәуелсіздік алған кезі. Елтаңба Ауғанстанның туында да бейнеленген.
Әнұраны
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қазіргі әнұран 2006 жылы қабылданған. Гимн сөзі пушту тілінде орындалады, оның ішінде тәкбір («Аллаһ ұлық» жазуы) айтылып, Ауғанстанда өмір сүретін барлық халықтар аталады.
Билік жүйесі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]1973 жылға дейін Ауғанстанда монархиялық билік орнады. 1973 жылы әскери төңкеріс болып,"республика" жарияланды. 1978 жылы тағы да қанды төңкерістен кейін өкімет басына Революциялық кеңес келді. Оны қолдау үшін 1979 жылы желтоқсанда Ауғанстанға Кеңес Одағының әскерлері кіріп, онда 1989 жылдың 15 ақпанына дейін соғыс қимылдарын жүргізді. Кеңес әскерлері шығарылғаннан кейін де Ауғанстанда азамат соғысы жалғаса берді. Ұзаққа созылған соғыс елді әлсіретіп, халықты күйзеліске ұшыратты.
1997–1998 жылы Қазақстан Республикасының үкіметі Ауғанстандағы қазақтарды көшіріп әкелген болатын.
Шаруашылығы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Ауғанстан — аграрлы ел. Экономикасының негізі – суармалы егіншілік пен мал шаруашылығы. Жалалабад каналы мен Сарда су қоймасы бар. Қой шаруашылығы жақсы дамыған. Сонымен қатар миллиондаған ешкі мен ірі қара, түйе мен жылқы өсіріледі. Бау-бақша өнімдері, бидай, жүгері, күріш, мақта, қант қызылшасы сияқты дақылдар өндіріледі.
Ауғанстан өнеркәсібін су электр стансалары мен әскери-механикалық зауыт сияқты бірді-екілі кәсіпорындар құрайды. Солтүстік шекарасында газ құбыры тартылған. Тас көмір мен цемент өндіріледі. Өңдеуші кәсіпорындар мақта мен жүннен мата тоқиды, жасанды жібек шығарып, аяқ киімдер тігеді. Экспортқа негізінен қаракөл елтірісі мен жүн шығарылады.[34]
Қазақстанмен қатынасы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қазақстан Республикасы мен Ауғанстан Ислам Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 12 ақпанда орнатылды. 2002 жылы Кабулда ашылған ҚР Дипломатиялық миссиясы 2003 жылдан бастап Елшілік мәртебесінде жұмыс істеуде. 2011 жылғы маусым айынан бастап Қазақстанның Ауғанстандағы Елшісі Ө.Бітімов. 1993 жылдан бастап Ауғанстанның Елшілігі Қазақстанда жұмыс істеуде. 2005 жылы елшілік Астанаға көшті. 2013 жылғы желтоқсан айынан бастап Ауғанстанның Қазақстандағы Елшісі Мұхаммад Фарук Бараки. Қазақ-ауған қарым-қатынастары үдемелі дамып келе жатыр. Мемлекет басшылары халықаралық шаралар аясында тұрақты түрде кездеседі.
Сауда-экономикалық қатынастарды дамытуда Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Ауғанстан бірлескен үкіметаралық комиссиясы (ҮАК) маңызды рөл атқарады.
ҮАК қазақстандық жағының тең төрағасы ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі министрі В.Божко, ауған жағының тең төрағасы АИР Сауда және индустрия министрі Мұхаммад Шакер Каргар болып табылады.
ҮАК-ның алты отырысы өткізілді: екі отырыс Астанада (2007 ж. 17-18 қыркүйекте және 2010ж. 5-6 мамырда), үш рет Кабулда (2008 ж. 13 желтоқсанда, 2011 ж. 26-27 қыркүйекте және 2013ж. 16-18 қыркүйекте) және бір отырыс Алматыда (2012ж. 26-27 қыркүйекте). Қазақстанда ауған азаматтарына білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда Қазақстанның оқу орындарында 655 ауған азаматы білім алуда.
ҚР Үкіметі Ауғанстандағы мектеп, емхана және жолдардың құрылысына 2,38 млн. АҚШ долларын бөліп, 20,15 мың тоннаға жуық азық-түлікті гуманитарлық көмек ретінде жеткізді (жалпы сомасы 17,09 млн. АҚШ долл.).
Екіжақты тауар айналымы 2013 жылы 251,4 млн. АҚШ долл. құрады (экспорт – 248,63 млн., импорт – 2,8 млн.). Екіжақты шарттық-құқықтық базасы ҚР мен АИР арасындағы Қарым-қатынас пен ынтымақтастық негіздері жөніндегі шарттан, сауда-экономикалық ынтымақтастық, білім саласындағы ынтымақтастық, есірткі құралдарының, психотропты және оған үйлес заттар мен прекурсорлардың заңсыз айнылымымен және теріс қолданылуымен күрес саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдерден, сондай-ақ Дипломатиялық қарым-қатынастар орнату жөніндегі Хаттамадан тұрады.
Тағы қараңыз
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Afghanistan. The World Factbook. Central Intelligence Agency (13 желтоқсан 2007).
- ↑ Ауғанстандағы қолданыстағы Конституцияның 16-бабына сәйкес жоғарыда аталған тілдер халықтың басым көпшілігі пайдаланатын провинциялар үшін ресми болып табылады.
- ↑ Ауғанстан Ислам Мемлекеті конституциясы (ағылшын тілінде, PDF)
- ↑ Afghan Population Estimates 1398. Central Statistics Organization (2019).
- ↑ a b c d Afghanistan. International Monetary Fund. Тексерілді, 14 қараша 2018.
- ↑ 2015 Human Development Report. United Nations Development Programme (14 December 2015). Тексерілді, 14 желтоқсан 2015.
- ↑ Morgenstierne, G. (1999). "AFGHĀN". Encyclopaedia of Islam (CD-ROM Edition v. 1.0 ed.). Leiden, The Netherlands: Koninklijke Brill NV.
- ↑ Ch. M. Kieffer [www.iranica.com/newsite/articles/v1f5/v1f5a037.html «Afghan»]. «Afghanistan: iv. Ethnography» (2006).
- ↑ «Afghan Poetry Of The 17th Century: Selections from the Poems of Khushal Khan Khattak», extract from «Passion of the Afghan» by Khushal Khan Khattak; translated by C. Biddulph, London, 1890
- ↑ «Transactions of the year 908» Мұрағатталған 14 қарашаның 2012 жылы. by Zāhir ud-Dīn Mohammad Bābur in Bāburnāma, translated by John Leyden, Oxford University Press: 1921.
- ↑ Elphinstone, M., «Account of the Kingdom of Cabul and its Dependencies in Persia and India», London 1815; published by Longman, Hurst, Rees, Orme & Brown
- ↑ E. Bowen, «A New & Accurate Map of Persia» in A Complete System Of Geography, Printed for W. Innys, R. Ware [etc.], London 1747
- ↑ MECW Volume 18, p. 40; The New American Cyclopaedia — Vol. I, 1858
- ↑ Afghanistan’s Constitution of 1923 Мұрағатталған 26 ақпанның 2015 жылы. under King Amanullah Khan (English translation).
- ↑ География Афганистана
- ↑ Афганистан. Ру — Костыль для Карзая Мұрағатталған 13 сәуірдің 2015 жылы.
- ↑ Sites in Perspective, chapter 3 of Nancy Hatch Dupree, An Historical Guide To Afghanistan.
- ↑ Afghanistan Мұрағатталған 31 қазанның 2009 жылы., Microsoft Encarta Online Encyclopedia 2006 (specifically John Ford Shroder, B.S., M.S., Ph.D. Regents Professor of Geography and Geology, University of Nebraska. Editor, Himalaya to the Sea: Geology, Geomorphology, and the Quaternary and other books).
- ↑ The history of Afghanistan, Ghandara.com website Мұрағатталған 27 шілденің 2013 жылы.
- ↑ Afghanistan: Achaemenid dynasty rule, Ancient Classical History, about.com Мұрағатталған 30 желтоқсанның 2013 жылы.
- ↑ Dani, A. H. and B. A. Litvinsky. «The Kushano-Sasanian Kingdom». In: History of civilizations of Central Asia, Volume III. The crossroads of civilizations: A.D. 250 to 750. Litvinsky, B. A., ed., 1996. Paris: UNESCO Publishing, pp. 103—118. ISBN 92-3-103211-9
- ↑ Zeimal, E. V. «The Kidarite Kingdom in Central Asia». In: History of civilizations of Central Asia, Volume III. The crossroads of civilizations: A.D. 250 to 750. Litvinsky, B. A., ed., 1996, Paris: UNESCO Publishing, pp. 119—133. ISBN 92-3-103211-9
- ↑ Litvinsky, B. A. «The Hephthalite Empire». In: History of civilizations of Central Asia, Volume III. The crossroads of civilizations: A.D. 250 to 750. Litvinsky, B. A., ed., 1996, Paris: UNESCO Publishing, pp. 135—162. ISBN 92-3-103211-9
- ↑ a b c Он-лайн энциклопедия «Кругосвет»: История Афганистана
- ↑ Афганистан: Ностальгия по «Талибану»? — Фергана. Ру
- ↑ Исламский Эмират Афганистан: тоталитарный режим рубежа XXI века. Мұрағатталған 13 қыркүйектің 2010 жылы.
- ↑ Хайдар Махмадиев. Нельзя преуменьшать опасность, исходящую от производства наркотиков в Афганистане Мұрағатталған 15 қарашаның 2013 жылы. (Тексерілді 25 мамырдың 2013)
- ↑ PRESS CONFERENCE ON AFGHANISTAN OPIUM SURVEY 2004 (Тексерілді 7 қазанның 2011)
- ↑ Афганистан — крупнейший в мире поставщик опиума-сырца
- ↑ Екатерина Туранова. Афганистан. История одного наркогосударства. meast.ru Мұрағатталған 20 тамыздың 2011 жылы. (Тексерілді 7 қазанның 2011)
- ↑ World Drug Report — archive
- ↑ Антинаркотический фронт Мұрағатталған 16 қаңтардың 2014 жылы.
- ↑ Afghanistan Election Data Мұрағатталған 11 қыркүйектің 2010 жылы.
- ↑ Балалар Энциклопедиясы, II- том
Сыртқы сілтемелер
[өңдеу | қайнарын өңдеу] Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Afghanistan |
|