Қызметкер
Қызметкер, жұмыскер — жұмысты еңбек шарты (келісімшарт) негізінде орындаушы, кәсіпорынның, ұйымның, мекеменің ішкі еңбек тәртібіне бағынушы адам. Еңбек заңнамасына сәйкес азаматтық-құқықтық шарттардың кез келгені бойынша (мердігерлік шарт, тапсырма, авторлық шарт бойынша) жұмыс атқарушы адам қызметкер болып саналмайды. “Қызметкер” ұғымы еңбек заңнамасына 1992 ж. енгізілді, ол “жұмысшы және қызметші” деген ұғымды ауыстырды. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес әрбір қызметкердің: қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай келетін жұмыс жағдайына; жұмысқа байланысты денсаулығына зақым келтірілгені себепті шеккен зиянның өтелуіне; тең еңбек үшін ешқандай кемсітілмей және сыйақының заңмен белгіленген ең аз мөлшерінен төмен болмайтын мөлшерде сыйақы алуға; жұмыс уақытының шекті ұзақтығын белгілеумен, бірқатар кәсіптер мен жұмыстар үшін қысқартылған жұмыс күнімен, апта сайынғы демалыс күндерін, мереке күндерін, сондай-ақ жыл сайынғы ақы төленетін демалыстар берумен қамтамасыз етілген тынығуға; кәсіподақтарға бірігуге; жасына қарай, еңбек ету қабілетінен айрылғанда және басқа заңмен белгіленген жағдайларда әлеум. қамсыздандырылуға; өзінің еңбек құқықтарын сот арқылы қорғауға құқығы бар. Қызметкер өзінің еңбек міндеттемелерін адал орындауға, еңбек тәртібін сақтауға, кәсіпорынның, ұйымның, мекеменің мүлкіне ұқыптылықпен қарауға, белгіленген еңбек нормаларын орындауға міндетті.
Қызметкерлер мынадай түрлерге бөлінеді: ақы төленбейтін отбасылық қызметкерлер — туысқанның иелігіндегі жеке отбасылық кәсіпорында ақысыз жұмыс істейтін адам; жалданбалы қызметкерлер яки жалданып жұмыс істеушілер. Бұл қызметті орындау үшін қажетті негізгі қорлар, кейбір немесе барлық аспаптар, үй-жайлар олардың меншігіне жатпайды. Жалданбалы қызметкерлер кез келген меншік нысанындағы кәсіпорынның басшысымен еңбек қызметінің жағдайлары туралы жазбаша еңбек шартын, келісімшарт немесе ауызекі келісім жасасады, оны орындағаны үшін жалданушы белгіленген ақыны ақшалай немесе заттай алады. Кәсіпорындардың директорлары мен басқарушыларын қоса, ақы төленетін қызметке сайланған, тағайындалған немесе бекітілген адамдар жалданып жұмыс істеушілер деп саналады. Жалданбалы қызметкерлердің бұл санатына Қарулы күштерде, т. ж. әскерлерінде, мемл. қауіпсіздік және ішкі істер органдарында қызмет өткеріп жүргендер де жатады; тұрақты қызметкерлер — жасасылған еңбек шартына (келісімшартқа) сәйкес белгісіз мерзімге яки оның аяқталатын уақыты көрсетілмей қабылданған тізімдік құрамдағы адамдар; уақытша қызметкерлер — жұмысқа екі айдан аспайтын мерзімге, ал жұмыста уақытша жоқ, бірақ жұмыс орны сақталатын қызметкердің орнына төрт айға дейінгі мерзімге қабылданған жұмысшылар мен қызметшілер; штаттан тыс қызметкерлер — кәсіпорын, ұйым, мекеме үшін жұмысты штаттық (арнаулы) құрамға алынбай орындайтын адамдар.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, I том
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |