Роберт Саути
Robert Southey | |
---|---|
Дүниеге келгені: |
тамыздың 12 Bristol, England |
Қайтыс болғаны: |
1843 ж. наурыздың 21 (68 жаста) London, England |
Мансабы: | Poet |
Әдебиеттік қозғалысы: | Romanticism |
| |
Ықпалдануы
|
Роберт Саути (ағылш. Robert Southey; 12 тамыз 1774 — 21 таурыз 1843) – ағылшын романтизмінің өкілі, танымал ақын. Саути «көлдік ақындарының» қатарына жатады. Ол «көлдік мектебінің» өкілдері Вордсворт пен Колридждің көптеген эстетикалық ізденістері мен талаптарын бөлісіп отырды. «Көлдік мектебі» деген термин 1800 жылы пайда болды (ағылшынның «lake» деген сөзінен шыққан) [1]
Өмірі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Роберт Саути 1774 жылы 12 тамызда Бристолда дүниеге келген. Оның әкесі Роберт Саути қарапайым жұмысшы болған. Ол 1772 жылы Маргарет Хиллге үйленеді. Екі жылдан кейін олардың тұңғыш ұлы Роберт Саути (кіші) дүниеге келеді.
Роберт Саути үш жасқа толғанда, әкесінің банкротқа ұшырауына байланысты шешесінің әпкесі Элизабет Тэйлордың тәрбиесіне өтеді. Саутидің балалық шағы осы Баз қаласында өтеді.
Саути сегіз жасқа толмай Шекспирді, Бимонтты және Флетчерді оқыған. Оның романтикаға деген қызығушылығы Хулдың аудармалары «Тассо», «Ариосто» және «Файре ханшайымды» оқығаннан кейін ғана оянады.
1778 жылы Саути Вестминстер мектебіне түседі. Алайда төрт жылдан кейін «Флагеллант» журналына оқушыларды ұруға қарсы мақаласын жариялағаны үшін Уильям Висент (1739-1815) Робертті мектептен шығарып жібереді.
1792 жылы 3 қарашада Робертті Оксфорд қаласында жоғарғы оқу орны Балиал колледжіне оқуға қабылдайды. Оның әкесі Роберт Саути (үлкен) сол жылы қайтыс болады. Әкесінің қазасынан кейін Робертті жабық мектепке береді. Бұл бір жағынан Оксфорд университетіне тура апаратын жол болатын. Оксфордта тұрғанымен, Саути оқып жүрген жоғарғы оқу орнынан, Епектетус білімінен және жүзуден басқа өзіне керекті ешқандай білім, мағлұмат, тәжірибе алмайды.
Өз бетінше ізденіп француз ағартушылары Вольтер мен Руссоның және неміс ақыны Гетенің шығармаларымен, У.Годвиннің идеяларымен танысады. 1793 жылы Саутидің француз революциясына деген құштарлығы «Жанна Д’арк» атты эпикалық поэмасында байқалады. Бұл поэма Бристол қаласында 1796 жылы Джозеф Коттлдың баспаханасында басылып шығарылады.
1794 жылы Роберт Оксфордта Самюэль Тейлор Колриджбен танысады. Оларды ортақ философиялық, саяси және әдеби қызығушылықтары жақындастырады. Екеуі бірігіп «Робеспьердің жеңілуі» (1794) атты сәтсіз драмасын жазады. Дәл осы жылы ХУІ ғасырдағы шаруалар соғысы материалының негізінде «Уот Тайлер» атты драмасын жазады.
Шығармашылық жолы. Роберт Саути – ағылшын романтизмінің өкілі. Сыншылар Саутиді және оның достары Вордсворд пен Колриджді «көлшік мектебіне» енгізген. Саути – әртүрлі жанрдағы көптеген поэтикалық шығармалардың авторы. Саути шығармашылығын зерттеушілер 2 кезеңге бөледі:
- 1794-1813 жылдар аралығы – поэзия мен драмалық шығармалар тудырған кезеңі;
- 1813-1843 жылдар аралығы – негізінен прозалық туындылары жазылған кез.
Өзінің шығармашылық жолын Саути 90-жылдардың басында халық балладалары жанрын пайдаланудан бастады. Оның алғашқы «Жауынгердің әйелі», «Кедейдің зары», «Жарлыны жерлеу» шығармаларында автордың кедейлер мен жарлыларға деген аяушылық сезімі көрініс тапқан.
Саути жауыздықтың жазаланатындығына кәміл сенеді. Бұл ойын теңізшілерге қауіп төнгенін білдіретін қоңырауды лақтырып жіберген қарақшы Ральф туралы «Ингкаптық жартас» (1803) атты балладасында жалғастырады.
Саутидің наполеондық соғыс кезінде жазылған «Мэдок», «Талаба – қиратушы», «Кехамның қарғысы», «Родерик, соңғы готтардың бірі» атты поэмалары бір ортақ проблемаға, ортақ тақырыпқа біріктірілген. Поэмалардағы негізгі кейіпкердің мінез-құлқы, іс-әрекеті, наным-сенімі, тура жолға түсіп, жауды жеңуге көмектесетін жақсылығы – бәрі бірдей. Әлемге жауыздық отын шашып жүрген қатігез сиқыршыларға қарсы шыққан, әділдікті жақтаушы, араб батыры Талаба; Мексикада ацтектердің жаңа мемлекетін құруға аттанған кельт князы Мэдок; Кехамды жеңген Ладурлад, король үкіметінен бас тарту арқылы вассалдар алдындағы күнәсінен арылған Родерликтердің бәрі – осындай кейіпкерлер. [2]
Шығармашылығының екінші кезеңінде Саути прозалық туындылар жазуға бет бұрады. Саути-прозаиктің жазушылық шеберлігін дәлелдеген «Нельсонның өмірі» 1813), «Артурдың өлімі» (1817), «Уэслидің өмірі» (1818) т.б. туындылары бар. Ағылшын тарихына ерекше ықпал жасаған ірі тарихи тұлғалар жайлы жазуы (Нельсон, король Артур, Уэсли) Саутидің ақын-лауреат ретіндегі атағын күшейтіп қана қойған жоқ, оның тарихи дүниелерге деген қызығушылығын арттырды.
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Озерная школа. Н.А.Соловьева // Кітапта: История зарубежной литературы ХІХ века. Под ред. Н.А.Соловьевой. Москва, Высшая школа, 2000, 49-стр. ISBN 5-7695-0379-X
- ↑ Тоқшылықова Г.Б. Шетел әдебиетінің тарихы. Алматы, 2010. ISBN 986-702-431-859-2