Жебе

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Жебелер. Жақтың оғының жебелері: қозыжауырын (1), сауытбұзар (2), доғал жебе (3), ысқырғыш жебе (4). Найзаның (5) және сүңгінің (6) жебелері.

Жебежақ оғының, найза мен сүңгінің зақым салуға арналған негізгі конструктивтік элементі. Қарудың түріне және қызметіне қарай жебенің пішіні әртүрлі болып келеді. Бөлек жасалып сапқа орнатылатын басты конструктивтік элемент ретінде жебе жақтың оғында, найзада тас дәуірінен қолданыла бастады. Жебелерді жасауға әр кезеңдерде әртүрлі материалдар қолданылды. Тас дәуірінде жебе шақпақ тастан жасалса, кейін көшпелі халықтарда сүйектен, мүйізден, металдан (мыстан, қоладан құйылып, темірден соғылып) жасала бастады.

Жебе түрлері

Сауытбұзар жебе. ҚР ҰМ қорынан. Жебесі сопақ ромб пішінді болып темiрден соғылған, сабы ағаштан жасалған. Жалпы ұзындығы 92 см, сабының ұзындығы 87 см, жебесінің ұзындығы 5 см, енi 1,7 см.
Доғал жебе. ҚР ҰМ қорынан. Сабы ағаштан, жебесі мүйізден жасалған, сырты лакталған доғал жебесі бар оқтың масағына қауырсандар жапсырылған. Оны кейде дүмпуіл жебе деп те атайды. Жалпы ұзындығы 90 см.
Ысқырғыш жебе. ҚР ҰМ қорынан. Жебе мүйізден жасалған, iшi қуыс, бас жағында ұшқанда дыбыс шығаратын бес тесiгi бар оқтың ысқырғыш жебесi сақталған. Оқтың сабы ағаштан жасалған. Сабының төменгі жағында үш қанат ретiнде қара-қоңыр түсi құстың қауырсындары жапсырылған. Жалпы ұзындығы 100 см, сабының ұзындығы 95 см, жебесінің ұзындығы 5 см, диаметрі 3 см.
Найза жебесі. ҚР ҰМ қорынан. Жебе екі жүзді, қимасы үш бұрышты, темірден соғылған. Жалпы ұзындығы 30 см, ұшының ұзындығы 17 см, ұңғысының ұзындығы 13 см. Жебе Арғын руынан (Қаракесек) шыққан Құлшары батырдыкі.

Өткен ғасырларда қазақтарда жақ оғының жебелері де сүйектен, мүйізден, ағаштан, металдан жасалған және жақтың оғының қолдану қызметімен ерекшеленетін бірнеше түрлері болды.

  • Сауытсыз жауынгерге қарсы қолданылатын темір жебелер үшбұрыш пішінді жалпақ болып соғылып, қозының жауырынына ұқсас пішініне байланысты мұндай жебелер «қозыжауырын» деп аталған.
    Толық мақаласы: Қозыжауырын жебе
  • Сауытпен жарақтанған жауға қарсы қолданылатын темір, болат жебелер жіңішке, қырлы болып соғылып, «сауытбұзар» немесе «жарғы жебе», «көбебұзар» деп аталды.
  • Аңшылықта аңды өлтірмей атып құлату үшін қолданылатын «доғал» немесе «дүмпуіл» оқтардың жебелері және дыбыстық сигнал беруге арналған «ысқырғыш» оқтардың жебелері сүйектен, мүйізден жасалды.

Найза, сүңгі жебелері де қазақтарда темірден, болаттан соғылып жасалған, бұл түйреу қаруларының жебелері ұңғылы болып соғылып, сапқа кигізіліп орнатылды. Сауытсыз қарсыласқа қолданылатын найзаның жебесі жалпақ, үшбұрыш немесе жапырақ пішінді болып соғылса, сауытты жауынгерге қарсы қолданылатын сүңгінің жебесі жіңішке, бірнеше қырлы болып соғылды.

Атауы туралы дерек

Көне магиялық наным-сенімдерден (мысалы, сөз магиясына сенуден) туындап, кәсіби істе (соғыста, аңшылықта) қолданылған тілдік (лингвистикалық) тыйымдарға байланысты бұрынғы кезде «жебе» атауы жақтың оғының өзінің атауының орнына эвфемистік (жанама) атауы ретінде қолданылды. Яғни көне магиялық әрекеттің, метонимиялық қатынастарға негізделетін, «бөлігі бүтінді ауыстырады (Pars pro toto)» қағидасы бойынша бөліктің атауы бүтіннің атауына көшірілді. Кейін бұл эвфемизм көркем әдебиетте ауыспалы мағынада қолданылатын көркем сөздің (поэтикалық троптың) бір түрі – метонимия, синекдохаға айналып, халық ауыз әдебиетінде де «жебе» сөзі «садақтың оғы» деген мағынада қолданыла береді.
Көшпелі түркі-моңғол халықтарында жебдей ұшқыр, өткір болсын деп ер адамдарға Жебе есімін де қойған. Шыңғыс ханның ең сенімді төрт ноянының, атақты қолбасшыларының бірінің есімі Жебе болған. Жазбаша тарихи дерек көздерінде йисут тайпасынан шыққан, есімі Хиркутай болған бұл ноянға садақ атудағы аса мергендігі үшін бұл есімді Шыңғысханның өзі бергені айтылады.[1]

Заманауи жебе сипаты

Оқтардың масақтары (фрагмент). ҚР ҰМ экспозияция залынан.

Жебе өзектен (желіден), қанатжалаушалардан, ұшынан және қалпақшадан тұрады. Өзек бір материалдан немесе желімдетіп (2-3 түрден) жасалады. Жебенің ұшы әруақытта алмалы-салмалы, әдетте металдан жасалған болады. Қалпақша да алмалы-салмалы жылдам алынып, салынып желімделіп жебемен жалғасады. Осы арқылы жебенің ұзақ қызмет етуі қамтамасыз етіледі. Қалпақшада бағыттаушы саңылау адырнаға қондыру үшін тереңдігі 5-6 мм. (5), ені 2,5- 3,0 мм ойық болады. Жебенің қанаты (жалаушасы) құс жүнінен (қыранның, қаздың, үнді тауығының) немесе жасанды материалдардан (пластмассадан) жасалып, тұрақтандыратын қызмет атқарады. Бағыттаушы қауырсынның бірі қалақшадағы адырна үшін жасалған ойыққа желімделеді және ашық түспен боялады.
Жебе бірнеше белгілер бойынша сұрыпталады: неге арналғандығына (аңшылық, спорт); жасалған материал бойынша (ағаштан, металдан, пластмассадан, аралас); формасы бойынша (цилиндрлі, конусты, сигар тәрізді); қанаты (қауырсын жалаушасы) бойынша: жалаушалардың саны бойынша (3-тен 6 данаға дейін); жалаушалардың материалы бойынша; жебе ұшы бойынша: спорттық (барлық уақытта металдан, цилиндрлі, үшкірленген); аңшылық (ағаштан, металдан, пластмассадан, пішіні мен қайралуы түрліше). Жебеге қойылатын негізгі талаптар: түзулігі, қаттылығы, қауырсынының сапалылығы мен ерітінділігі, жеңілдігі (метал қалыпты жебе 20-25 г, ал ағаш жебе 30 г дейін болады және ауырлық орталығы дұрыс орналасуы тиіс (жебенің геометриялық орталығынан 5-10 см алда болады).
Жебенің ұзындығы шамамен мергеннің кеудесі мен алға шығарылған қолдың ортаңғы саусақтары ұшының аралығына тең болады.[2]

Дереккөздер

  1. ҚАЗАҚТЫҢ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ КАТЕГОРИЯЛАР, ҰҒЫМДАР МЕН АТАУЛАРЫНЫҢ ДӘСТҮРЛI ЖҮЙЕСI. Энциклопедия. – Алматы: РПК “СЛОН”, 2012. – (илл.) ISBN 978-601-7026-17-23-том: К – Қ – 736 бет.ISBN 978-601-7026-21-9
  2. Қазақстан - спортшылар елі. Энциклопедиялық анықтамалық. - Алматы: "Сөздік-Словарь". ISBN 9965-822-57-3

Әдебиеттер

  • Валиханов Ч.Ч. Вооружение киргиз в древние времена и их во-енные доспехи. Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений. В 5-ти томах. Т.I. Алма-Ата: АН Каз ССР, 1961;
  • Горелик М.В. Оружие древнего Востока (IV тысячелетие – IV в. до н.э.). М.: Наука, 1993;
  • Ахметов Ә. Түркi тiлдерiндегi табу мен эвфемизмдер (салыстырмалы лингвистiк зерделеу). Алматы: Ғылым, 1995;
  • Салқынбай А., Абақан Е. Лингвистикалық түсіндірме сөздік. Алматы: Сөздік-Словарь, 1998;
  • Ахметжан Қ.С. Қазақтың дәстүрлі қару-жарағының этнографиясы. Алматы: Алматыкітап, 2006;
  • ҚР МОМ – материалдарынан;
  • ОМЭЭ – материалдарынан.