Антикалық дәуір
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|
Мемлекет - тарихи категория. Ол таптық қоғамда пайда болып, халықты билеп-төстеудің құралы. Кең мағынасында, мемлекет дегеніміз - жария Үкіметтің пайда болуы мен іс-әрекетінің нәтижесі ретінде қалыптасатын, қоғам өмірін ұйымдастырудың формасы және оның негізгі салаларына басшылық ететін, қажетті жағдайларда үкіметтің күш-қуатына сүйенетін басқару жүйесі. Бұндай басқару жүйелері көне замандарда рулардың, тайпалардың құрған алғашқы қоғамның ыдырап, оның орнына таптық қоғамның келуімен мемлекеттің пайда болғаны жалпы тарихи процесс.
Әлем тарихи деректеріне қарағанда, алғашқы құлшылық мемлекеттер 4 - мыңжылдықтың соңында, 3 - мыңжылдықтың басында Ертедегі Мысырда, Қос өзен (Двуречья), одан кейінірек Ганга, Эгей теңізінің жағалауларында және Хуанхэ өзенінің бойында болғаны жазылған. Бұндай пікірді біздің сүйенген ғылыми еңбектен сол күйінде келтірейік: «Вопрос о происхождении государств в странах Древнего Востока сложный, далеко еще не решенный полностью наукой. Возникновение государство являлось здесь нередко очень длительным процессом, охватывавшим несколько столетий; в течение длительного времени сохранялись пережитки родового строя и его органов. ... В речных долинах, в обществах, хозяйство которых базировалось на искусственном орошении, складываются деспотических рабовладельческих государств Древнего Востока, Древнего Египета, Вавилония и других государств Двуречья, империя Цинь в Древнего Китая»[1].
Келтірілген үзіндіде, алғашқы рет мемлекеттердің Ертедегі Шығыс елдерде, сондай-ақ Мысырда, Вавилонияда, Қосөзен бойларында, Қытайда болғанын баяндаған. Себебі, бұл елдердегі ірі өзендердің бойларында жасаған халықтар егіншілікті қолдан суару арқылы жүргізген. Өзендердің суын егістікке пайдалану үшін үлкенді-кішілі су жүйелерін қазуға тура келген. Бұндай ауыр жұмыстарды кең көлемде ұйымдастыру тек мемлекеттің басқаруы арқылы іске асырылған. Аттары аталған елдерде алғашқы рет құлшылық мемлекеттер ұйымдасқаны дұрыс айтылған. Бірақ ертедегі Шығыс елдерінде құлиеленушілік мемлекеттердің пайда болуы түбегейлі шешілмеген мәселе екенін айрықша атаған. Бізде бұл пікірді қолдаймыз. Өйткені табиғи-географиялық шарияты жоғарыдағы аттары аталған елдерге жақын Әмудария, Сырдария, Үнді, Ганга және тағы басқа Азия құрлығындағы өзендердің алқаптарында жасаған автохтондық халықтарда алғашқы құлшылық мемлекеттердің болғаны айтылмайды. ХІХ-XX ғасырларда Орталық, Оңтүстік Азияда кең көлемде жүргізілген кешенді археологиялық зерттеулер бұл аймақтардағы елдерде алғашқы құлшылық мемлекеттердің болғанын дәлелдейтін бай жаңа деректерді жинады. Сол тарихи бұлақтардың негізінде, алғашқы мемлекеттердің келіп шығуын әлем көлемінде қайта қарайтын уақыт келді. Біздің қолымыздағы деректерге қарағанда, Орталық Азияда да алғашқы құлиеленушілік мемлекеттер болған. Оны дәлелдейтін пікірімізді ғылыми тұрғыдан баяндаймыз.
Мемлекет құлшылық қоғамның пайда болуымен бірден келіп шыққан жоқ. Ол эволюциялық жолмен дүниеге келген. Оның негізі Алғашқы қоғамда салынған. Оның ыдырау кезеңінде бұрынғы ру, тайпа басшыларымен алдымен үлкенді-кішілі қалалар мемлекеттік тәсілмен басқарылған. Одан кейін бұл басқару орындары көлемін кеңейтіп, өзіне жақын тұрақты мекендерге, ауылдарға үстемдігін жүргізіп, бара-бара әлі жеткен көршілерін бағындырып, үлкен аймақтарды иеленіп, ол жердегі тұрғындарға өздерінің үкімін жүргізген. Осындай жолмен үлкенді-кішілі құлиеленушілікке негізделген мемлекеттер антикалық дәуірде пайда болған (б.з.б. І мың жылдан б.з. шамамен V ғасырына дейінгі уақытты алады). Осындай үстемдікті жүргізудің нәтижесінде ірі-ірі құлиеленушілік мемлекеттер пайда болып, үлкен аймақтарды иеленіп, өздерінің үстемдігін жүргізіп, қарауындағы этникалық топтарды, халықтарды саяси, экономикалық және мәдени жақтарынан басқарған. Міне, осындай жолмен Орталық Азияның түріктері антикалық уақыттан бастап-ақ, өздерінің мемлекеттерін құрған және оны басқарудың жоғары дәрежесіне жеткерген. Енді, осы мәселеге көңіл аударайық.
Жоғарыда тоқталғанымыздай, әлем халықтарының тарихында, Орталық Азия аймағында құлшылық мемлекеттердің пайда болғаны туралы бір ауыз сөз жоқ. Егер де, антикалық заманда, Мысыр мен Қосөзендердің, Ганга, Хуанхэ өзендері алқаптарында, Эгей теңізінің жағалауларын мекендеген әртүрлі этникалық топтардың арасында құлиеленушілік мемлекеттер шыққан болса, неге олармен жалғасып жатқан, Орталық Азия этностарының ортасында алғашқы мемлекеттер пайда болмаған деген сұрақ келіп шығады. Бұл аймақтың табиғи-географиялық жағдайлары Мысырға, Алдыңғы Азияға бірқатар жақын келеді. Бұл аймақты мекендеген түріктердің бабалары скифтер мен сақтар антикалық уақытта Жерорта теңізінің төңірегімен, Солтүстік Африка, Алдыңғы Азия, Оңтүстік Азия және Қытаймен тығыз байланыста болғанына дәлел болатын тарихи деректер антикалық дәуірдің ғалымдарының еңбектерінде жиі кездеседі[2].
Біз тек Геродоттың «Тарих» атты еңбегіне сілтеме бердік. Ұлы тарихшыдан бұрынғы, одан кейінгі антикалық заманның ғалымдарының еңбектерінде, Орталық Азияның автохтондық перзенті болған түріктер жақын және алыстағы елдермен қарым-қатынастары үздіксіз болғаны туралы мәліметтер берген. Осы аймақтың үстінен өткен тарихи Ұлы Жібек жолы осы антикалық дәуірде тарихи сахнаға шығып, қыруар саяси, экономикалық және мәдени байланысты күшейтіп отырғаны - тарихи шындық. Міне, осындай байланыстың барысында, жоғарыдағы аттары аталған алғашқы құлшылық мемлекеттері Әмудария, Сырдария сияқты үлкенді-кішілі Орталық Азиядағы су жүйелерінің алқаптарында құлшылық мемлекеттердің болмағанының қисыны келмейтін сияқты. Сондықтан алғашқы Африка және Азия құрлықтарында құлшылық мемлекеттердің келіп шығуы, әлем халықтарының тарихында түбегейлі шешімін таба алмай келе жатқан өзекті мәселе екенін жоғарыдағы көрсетілген сілтемеде дұрыс жазылған. Кейінгі ғасырлардағы осы мәселеге қатысты жиналған бай деректерге, әсіресе археологиялық зерттеулердің нәтижесіне негізделіп, антикалық дәуірде құлшылық таптық қоғамның келіп шығуын Азия және Африка көлемінде кең территорияларда қарауды қазіргі заман тарихының талабынан шығып тұрған проблемалар ретінде қарауымыз қажет. Мысалы, табиғи-географиялық жағдайы бір-біріне жақын, үздіксіз кешенді қарым-қатынаста болған Алдыңғы Азияда алғашқы құлшылық мемлекеті келіп шыққан болса, неге сондай табиғи жағдайда жасаған Орталық Азия түріктері алғашқы қоғамнан кейін бірден феодализмге өткен деген тарихи тұжырымдамалар бүгінгі күні қайта қарауды талап етеді. Бұрын жарық көрген Әлем түріктерінің тарихында: «Түріктер құлшылық қоғамды бастарынан өткермей, олар алғашқы қоғамнан бірден феодализмге өткен», - деген «жалған пікір» үстемдік етіп келе жатыр. Бұл пікір көшпелілікке негізделіп, жалпы түріктердің отырықшылық мәдениеті болмаған деген тұжырымдама (концепция) арқылы олардың тарихын бұрмалаған. Бұндай ғылыми дәлелденбеген тұжырымдаманы біздің тарихшыларымыз аксиомаға (шындыққа) алып, өзінің энциклопедиясында былай жазған: «Қазақстанның ежелгі халқы дамудың құл иелену сатысына соқпай өтті. Мұнда көптеген ғасырлар бойы патриархалдық үй құлдығы болғанымен, қоғамдық экономикалық формация дәрежесіне көтеріле алмады»,[3] - делінген.
Осындай бұрмаланған пікір Кеңес үкіметі жылдарында жарық көрген Қазақстан тарихының бес томында орын алған. Бұл ғылымға жақындамайтын, сынды көтермейтін концепция. Өйткені тарих ғылымының XX ғасыр қолға кіргізген өте бай деректері, Орталық Азияның автохтондық тұрғындары болған түріктер де өздерінің бастарынан тарихи формациялардың бәрін өткергенін дәлелдейтін мәліметтер жиналды. Сол топталған мәліметтерге сүйеніп, Орталық Азия түріктері көне замандарда алғашқы мемлекеттерді құрып, өзінің Отанын өркениетті елге айналдырғанын тарих деректермен дәлелдеп жазатын уақыт жетті. Түріктердің үлкен тобының бірі болған қазақ халқының мемлекетінің тарихы антикалық және ертедегі орта ғасырдан басталады. Адам баласының басынан өткерген тарихи формацияларға бір жақты қарауға болмайды. Өйткені жер шарының табиғи-географиялық жағдайлары әртүрлі. Соған байланысты олардың тұрғындарының өмірлері, жалпы тұрмыстарының бір-бірінен ерекшеліктерінің болуы табиғи заңдылық. Осы тұрғыдан қарағанда, антикалық замандағы Мысыр, Алдыңғы Азия, Грекия және Рим империясында болған құлшылық қоғам, дүниенің басқа жерін мекендеген халықтар тап сондай құлшылық қоғамда жасауы шарт емес. Құлшылық қоғамның мазмұны бір болғанымен, олардың аймақтық ерекшеліктері болған. Орталық Азия түріктері, өздеріне тән ерекшеліктері бойынша, құлшылық қоғамды бастарынан өткеріп, отырықшылық өркениеттің негізін антикалық дәуірде салған. Түріктердің өмірі Орталық Азияның тамаша бай табиғи-географиялық ерекшеліктеріне негізделіп дамыған. Орталық Азияның жер көлемі қандай үлкен болса, табиғаты да алуан түрлі. Оның адам тұрмысына жарамайтын жерлері жоқ. Отырықшылыққа қолайлы жерлерде жетерлік. Олар үлкенді-кішілі көптеген өзендердің, көлдердің, теңіздердің алқаптары, бұлақтардың жағалары. Мысалы, әлемге әйгілі Тұран ойпаты, Сарыарқа, Шығыс және Батыс жазықтары және т.б. Осындай жерлерде түріктер ежелден тұрақты мекендерді, қалаларды салып, отырықшы мәдени өркениетке жетсе, шөлдік-шөлейттік жерлерде жартылай отырықшы және көшпелі өмір сүрген. Бірақ олардың саны да, жайлаған жерлері де онша көп болмаған. Қазіргі деректерге қарағанда, көшпелі аймақ деп жүрген жерлерде де ертедегі қоныстардың орындарын археологтар тауып, оларды кешенді түрде зерттеуде. Түріктердің тарихи дамуына, көшпелілердің өмір сүрген табиғи-географиялық жағдайлармен байланыстырып, түріктердің өмірлеріне, соның ішінде шаруашылықтарына дифференциалдық (бір жақты емес, көп жақты) тұрғыдан қарағанда ғана түріктердің тұрмысын шынайы түсіне аламыз. Осынша кең-байтақ жерді мекендеген түріктердің тарихтары, өмірлері, тұрмыс-мәдениеттері біркелкі болмаған. Дүние жүзінде, сондай-ақ Орталық Азиядан таза көшпелілерді табу қиын. Шөлейттік аймақтарында да тұрақты мекендердің, керек десеңіз шағын қалалардың болғаны байқалады. Осы айтылған пікірлерді дәлелдейтін тарихи археологиялық және этнологиялық деректер топталды. Тек, сол бай мұраларды талдап, олардың мәніне тереңірек үңіліп, шынайы түрік әлемінің, соның ішінде қазақ халқының шынайы тарихын жазуымыз керек.
Орталық Азия алғашқы қоғамды, құлшылық және феодализм қоғамдарын басынан өткерген тайпалардың және халықтардың мекені екенін соңғы ғасырларда жүргізілген археологиялық, этнологиялық, антропологиялық зерттеулер дәлелдеп отыр. Бұндай зерттеулер ХІХ ғ. аяқ кезінен басталып, XX ғ. кең көлемде үлкенді-кішілі экспедициялар ұйымдасып, зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Олардың ішінен ең ірілеріне тоқталайық: Оңтүстік Сібірді және Орталық Азияны зерттеген «Кеңес-Моңғол археологиялық экспедициясы» (А.П. Окладников, С.В. Киселев); «Кесенді Хорезм археологиялық экспедициясы» (С.П. Толстов); «Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы» (Ә.Х. Марғұлан); «Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы» (К.А. Акишев); «Оңтүстік Түрікменстан археологиялық экспедициясы» (М.Е. Массон) және Я.Г. Гулямов Өзбекстанда, А.П. Окладников Тәжікстанда археологиялық зерттеулерді кең көлемде жүргізді. Бұл археологиялық зерттеулер Орталық Азияны түгел қамтып, аймақтағы сақталған археологиялық және сәулеттік (архитектуралық) тарихи ескерткіштерді зерттеді. Олар ежелгі түріктердің алғашқы қоғамынан бастап, жаңа заманға дейінгі тарихын сәулелендіретін өте бай деректерді жинады. Олардың бірқатарлары түркі тілдес халықтардың тарихтарына енді және жеке монографиялар экспедициялардың жинағы ретінде, мақалалар түрінде жарық көрді. Солай болса да, барлық табылған құнды деректер түгел жарияланды деуге болмайды. Олардың көпшілігі археологиялық институттардың мұрағаттарында сақталған. Міне, осынша табылған деректердің негізінде, Орталық Азия түріктерінің жалпы тарихын, соның ішінде мемлекеттерінің келіп шығуын қайта қарайтын жағдайға жеттік. Түріктердің алғашқы мемлекеттерінің пайда болуын Алдыңғы Азия құлиеленушілік мемлекеттерімен байланысты қарау керек. Өйткені Алдыңғы және Орталық Азия құрлықтарының этникалық құрамалары Алғашқы заманнан-ақ қарым-қатынаста жасағанын дәлелдейтін деректемелердің көздері жеткілікті. Б.з.б. 558-330 жылдарда Алдыңғы Азияда (228 жылдай) үстемдік еткен Ахемен әулеті (Ахеменида). «Ахеменнің мұрагері Ұлы Кир ІІ-і Таяу және Орта Шығыс елдерінің көпшілігін біріктіріп, орасан зор империя құрған»[4]. Осы империяның құрамына Орталық Азияның оңтүстік бөлігіндегі бірқатар жерлер кірген. Б.з.б. 500-449 жж. бұл империя грек-парсы соғысы нәтижесінде әжептәуір әлсірегеннен кейін, б.з.б. 330 жылы Александр Македонский әскері Ахемен әулеттері билеген мемлекетті біржолата талқандады.
Ахеменнің мұрагері Ұлы Кир ІІ-нің отаршылығына Орталық Азия массагеттері Томирис патша ханымның басшылығы астында соғысып, Кирді өлтіргенін Геродоттың жазып қалдырғанын көпшілік біледі және бұл қолбасшы құрметпен еске алынады. Бірақ түрік тілдес елдердің тарихында Томиристі массагет тайпаларының көсемі етіп көрсетеді. Біздіңше, бұл кезде Орталық Азия түріктерінің арасында құлшылық мемлекет болып, оны Томирис патшайымы басқарып, Кирдің жер қайысқан әскеріне қарсы күшті жинап, отарлаушыға естен кетпейтін соққыны бере білген мемлекет қайраткері - қолбасшы деген тұжырымға келуге болатын сияқты. Томирис туралы біз әлі де болса осы пікірден аспай келеміз. Бұл тарихи тұлғаның жасаған кезеңі археология ғылымы бойынша қола дәуіріне тура келеді. Осы дәуірдің ескерткіштері, әсіресе, обалар Орталық Азияда кең зерттелді. Жиналған деректерге негізделіп, Томиристің атқарған қоғамдық, саяси еңбектерін терең зерттеуді жүргізу қажет. Сонша жыл үстемдік еткен Ахеменида әулетіне Томиристің басшылығы астында түріктер тойтара соққы беруі Александр Македонскийдің Персияны қиратуына үлкен себеп болған сияқты. Сондай көсем, қолбасшы Томирис ханымды массагеттер тайпасының қолбасшысы деп тауымыздың реті жоқ. 2005 жылы «Томирис» атты А. Жандарбековтің романы жарық көрді.
2009 жылы Абай атындағы опера және балет театырында алғашқы рет «Томирис» атты ойлары сахынаға шықты. Әзірбайжан Республикасының Низами Тянджеви атындағы әдебиет институтының директоры Кавказ амазонкаларын он үш жыл зерттеп, Әзірбайжанның солтүстік батысында орналасқан Гахск ауданындағы Сарыбашлар селосы ертедегі амазонкалардың мекендерінің бірі болғанын жариялаған. Нұрида: «Мен Әзірбайжан жерінен табылған қалқан-қанжарымен қоса жерленген әйел қаңқалары бар археологиялық көмбелер мен көне ескерткіштерге сүйене отырып, жаужүрек амазонкалар қазіргі әзірбайжан әйелдерінің арғы апалары екенін бүкіл әлемге мойындатуға дайынмын» деп жазған.
Бұндай өзекті мәселеге көңіл бөлінуінің өзін жаңалық деуге болады. Бірақ келтірілген ғылыми тұжырымды ғылыми тұрғыдан мойындау қиын. Тарихи деректерде амазонкалардың жайлаған мекені Қара теңіздің солтүстігінде Азов көлінің төңірегі болған деген пікір кеңнен енжайған. Бұл аймақ ертедегі түріктердің бабаларымыздың мекені. Сондықтан осы көлдің төңірегін амазонкалар мекендеген сөздің негізі бар. Барлық түік тілдес халықтардың, соның ішінде қазақ халқының ауызекі әдебиеттерінде өте көп батырлар жыры сақталған. Сол шығармаларда әйелдер ерлермен бірге соғысқаны кең көлемде сәулеленген. Қарақалпақ халқының «Қырық қыз» атты үлкен батырлық дастаны бар. Оның қолбасшысы Гүлайым. Солай болса, амазонкалар барлық түрік тілдес халықтардың апалары болса керек. Бұл өзекті мәселені Түрік әлеменің көлемінде қарастырған дұрыс болар.[5]
Антикалық дәуірде Орталық Азия түріктерінің тағы бір тарихи тұлғасы - Афрасиаб патша. Афрасиаб туралы Иран, Араб, Түркі тілдес әдебиеттерде кең жазылған. Атақты Шығыстың ұлы ғұламаларының бірі Фирдоуси «Шаһнамасында» Афрасиаб кең суреттелген. Махмуд Қашқаридің айтуы бойынша, Афрасиабтың түрікше аты - Тоң Алып. Ол жалпы түріктердің аты аңызға айналған патшасы. Орталық Азияда сол патшаның тұсында ірі-ірі қалалар өсіп шыққандығын «Түрік сөздігі» еңбегінде жазған. Түркі тайпаларының шежіре, аңызы бойынша Иран патшаларымен көп заман жауласқан кісі - Бұқахан, Қарахан, Өгізхан, Араб, Иран жазушыларының тарихи шығармаларында Әмудариядан Солтүстікке қарай созылып жатқан байтақ жер «Афрасиаб ордасы» аталып, оны билеушілер «Афрасиаб әулеті» болып айтылады деп Махмуд Қашқари жазған. Солай болса, Афрасиаб барлық түріктердің патшасы болып, Орталық Азияны басқарған болса, ол түріктердің күшті мемлекетін басқарған тарихи тұлға деген ұғымға келеміз. Оның астанасы - Семізкенд (Самарканд), Қашқар шаһарлары болған. Ол Батыс және Шығыс Түркістанды (Түрік елін) түгел басқарған. Бұл тарихи тұлғаның өмірі, атқарған қоғамдық-саяси қызметтері кең көлемде зерттеуді талап етеді. Бұл патша 219 га жерге қала салдырып, оны өзінің атымен «Афрасиаб» (Семізкенд, Самарканд, Мараканд) деп аталған қала б.з.б. 6 ғасырда салынып, б.з. 12 ғасырына дейін өмір сүрген[6]. 1874 жылдардан бері осы көне қаланың орнын Өзбекстан археологтары зерттеп келеді. Солай болса, б.з.б. 6 ғасырларда-ақ, Ахемениди империясына қарсы тұратын ұлы күшті ұйымдастырып, елін отаршылықтан азат етіп, оны түгел билеп, барлық Орталық Азия түріктерінің ұлы көсемі Афрасиаб жалпы түріктердің бірлескен құлшылық мемлекеттің патшасы болғанын толық мойындауымыз тиіс.
Аты шулы Афрасиаб патшадан кейін, Орталық Азия түріктері бірнеше құлшылық мемлекеттерге бөлінген[7]. Б.з.б. VІІ-VІ ғғ. Орталық Азияның Оңтүстік, Оңтүстік-Батыс аймақтарындағы тұрғындардың арасында экономикалық даму пайда болып, олар қосымша күшті қажет етіп, құлшылық қоғамға өту процесі түріктердің арасында кең ен жайған. Әсіресе, Орталық Азияның Оңтүстік-Батыс жақтарында диқаншылықтың алға өрлеу қарқыны күшейе түсті. Қолдан суару арқылы егілетін диқаншылықтың көлемін кеңейту үшін ірі-ірі су жүйелерін қазуға рулық қоғамының күші жетпеді. Сондықтан Орталық Азияның Оңтүстік, Оңтүстік-Батыстарында құлшылық қоғам орнады. Бұндай өзгеріс түріктердің эволюциялық даму заңдылығының нәтижесі.
Орталық Азияның бұл аймақтары ежелден Тұран ойпаты, Тұран елі, яғни түріктердің кір жуып, кіндік кескен ірі аймақтарының бірі. Оның Солтүстік және Шығыс бөлігі осы күнгі Қазақстан Республикасына қарайды. Солай болса, түріктердің бірі болған қазақ халқының ертедегі бабалары да бастарынан құлшылық қоғамды өткізбей, бірден феодализм қоғамына өтті дейтін пікірдің қисыны келмейді.
Өйткені ертедегі құлшылық қоғамы Әмудария мен Сырдарияның алқаптарында, яғни Тұран елінде болғандығын археологиялық зерттеулер де дәлелдесе, бұл аймақтың бір үлкен бөлігі Қазақстанға қарайды. Б.з.б. І мыңыншы жылдарда Әмудария сағасын алатын ірі-ірі су жерлері мен бекіністер құлдардың күшімен іске асырылған: «Ақча Дария бойында отырықшылықтың орталығы болған ірі бекіністерден: Қызыл-қала, Джамбас-қалалар сияқты антикалық дәуірдің мәдени орталықтары зерттелді»[8]. Тұран ойпатында антикалық түріктер Әмудария мен Сырдарияның алқаптарына үлкенді-кішілі су жүйелерін тартып, суармалы егістік Тигр, Ефрат, Ніл өзендерінің суларын жергілікті диқандар қалай егіске пайдаланса, Тұран елінің тұрғындары да сондай Қосөзен (Әмудария, Сырдария) суларын егіншілікке пайдаланған. Өзендерінің суы бармайтын жерлерде кәрез (жер асты суынан) пайдаланып, диқаншылық дамыған. Мұндай кәрездің классикалық түрі Түркіменстан қаласының маңында сақталған. 1967 жылы этнографиялық экспедиция кезінде Қызылорда облысында, Оңтүстік Қазақстан, Қаратау атырабынан, Түркістан шаһарының қасынан кәрездің қалдықтарын кездестірдік. Ертеде бұндай су жүйелері Орталық, Алдыңғы Азияда кең тараған.